BANNER

"Соңғы бес жылда қылмыс болмаған": Қазақстанда 400-ден астам ауыл ішімдіктен бас тартты

https://stan.kz/kazakss-421149/

Қазақстанда тағы бір ауыл ішімдіктен бас тартып, салауатты өмір салтына бет бұрды. Осылайша, ішімдіктен болатын қылмыс санын азайтуға үлес қосып жатыр, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Еңбек ауылының байырғы тұрғыны Оразбай Жанғарин бес жыл бұрын ақсақалдар ішімдіктен бас тарту туралы бастама көтеріп, оны бүкіл ауыл болып қолдағанын айтты. Қазір ауыл тұрғындары бас қосса, дастархан басына қымыз бен шұбат қойылады.

“Біздің кезімізде ертеректе бұл басқаша болса да, мынау қазіргі жастардың осындай іс-әрекеттеріне, арақ-шараптан бас тартуына шылым тартуына бас тартуына міне осы жағдай бізді өте қуантады. Елімізде осындай ауылдардың саны көбейген сайын елде де үлкен жетістіктер болады деп ойлаймын”, – дейді Оразбай Жанғарин.

Ауыл дүкендерінде алкогольді ішімдіктер сатылмайды. Ауыл тұрғындарының дені спортпен айналысады. Тұрғындар өзге елдімекендерге челлендж жолдап, нәтижесінде өңірде 19 ауыл бұл бастаманы қолдапты.

“Еңбек ауылында ерекше маңызды шара өтіп жатыр. Ішімдіксіз ауыл челленджін Есіл ауданынан қабылдап алдық. Мүлде ішімдіктен бас тартып, саналы салауатты өмір бастап жатырмыз. Осы челленджді әрі қарай Қарағанды облысына жолдағымыз келеді”, – дейді Еңбек ауылының тұрғыны Алдан Жалтыров.

Еңбек ауылында жүзден аса адам тұрады. Ішімдіктен бас тартқалы тәртіп пен тыныштық орнағанын полицейлер де растады.

“Осы соңғы бес жылдың ішінде қылмыстық іс және құқық бұзу болмады. Еңбек ауылының тұрғындары ішімдіктен бас тартып, той думан болатын болса ауылдың ішінде тек қана алкогольсіз өткізеді. Бұзақылық та тиылды”, – деді учаскелік полиция испекторы Азамат Ишматов.

Үкімет басшысы маскүнемдікке қарсы күрес шеңберінде ішімдіктен бас тартқан елдімекендерді қолдайтынын мәлімдеді. Яғни, осы бастамаларды жүзеге асыратын белсенділер мен әкімдіктерді қолдау керек деп отыр. Қазір ел бойынша арақтан бас тартқан 400-ден астам ауыл бар.