Достық пенен шапағаттың, жастық пенен махаббаттың бесігі сен, Қарағандым

Жазушылар одағы

 

«Дүние – үлкен көл,
Замана – соққан жел,
Алдыңғы толқын – ағалар,
Кейінгі толқын – інілер...» - деп хакім жырлағандай, дүние орнында тұрмақ емес, тіршілік алмаса бермек, уақыт кемесі тоқтаусыз алға жылжи бермек.  Мағжанша айтсақ, «толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады». Қазақ сөз өнерінде өлең әлеміндегі сан буыннның сабақтастығы да алтын арқауын үзбей, әр лек өз заманының жаршысы болып, өз дәуірінің тынысын жырлап келеді.
Қарағанды төрінде осы жарасымды сабақтастықты паш етер тамаша жыр кешінің дүбірі таянып қалыпты.
«...Қарашада өмір тұр,
Тоқтатсам, тоқсан көнер ме?
Арттағы майда көңіл жүр,
Жалынсаң, қайтып келер ме?» - деп Абай бабамыз толғағандай, ғұмыры қарашаға ауған аға буын мен мамырдың мамыражай дәуренінде жайнаған жас толқынның қауышып, ақ үміттің әнін, сағыныштың сазын төгетін күн – бұл. Қазыналы қаламыздың өткен ғасырдың соңы мен бүгінгі күнімізге дейінгі тыныс-лебін сезіндірер кеш – бұл. Кеш болғанда да, сырлы өлең сиқырлы сазбен үндесетін поэтикалық мюзикл.

Алаштың ақиық ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы бастаған талантты топтың, дарындылар ортасының тамаша өнеріне куә боламыз бұл күні. Сәкен театрының саңлақ әртістері де сахна сәнін кіргізеді. Қара Дәулет, Сейіл ағаларымыздың әндерін әуелетіп, қайран күндерге, сайран күндерге саяхат жасайтын боламыз.
Кенді өлкеміздің қазалы, азалы күндерінен кейін, еңсемізді тіктеп, жанымызға жақсы жырды дәру етер кеш болғалы тұр.

Келіңіздер, бірге сағынайық, бірге жырлайық, бірге сырласайық, өлеңсүйер қауым, өресі биік көрермен!