Президент Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевты қабылдады

ашық дереккөз

Министр мемлекет басшысына өзі жетекшілік ететін барлық салада атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Дәурен Абаев азаматтардың жекелеген санаттарының кірісін арттыру шаралары туралы айтты. Мәселен, биыл мәдениет, өнер және спорт мекемелері қызметкерлерінің жалақысы өскен. Министрлік Президенттің тиісті тапсырмаларын орындау бойынша жұмысты жалғастырады.

Министрлік кітап шығару саласындағы жағдайға ерекше ден қойған. Қазір негізгі күш баспа өнімдерінің, соның ішінде балалар әдебиетінің бәсекеге қабілетін арттыруға, сондай-ақ жазушыларды қолдауға бағытталған. Сонымен қатар, Президентке мұрағат қоймаларын жаңғырту мен цифрландыру жайы айтылды.

Қазақстандық спортшылардың халықаралық ірі жарыстарға, 2024 жылы өтетін Олимпиада ойындарына дайындық мәселесі де жеке қарастырылды.

Мемлекет басшысы министрлікке бұқаралық және балалар спортын дамыту, ұлттық мәдениетті кеңінен насихаттау жөнінде бірқатар міндет жүктеді.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев туристік инфрақұрылымды дамыту мен шетелдік инвесторларды тарту және бірлескен туристік жобаларды іске қосу үшін қажетті жағдай жасаудың маңызды екенін атап өтті.