Автомобильге жеңілдетілген несие алғандардың тізімі ашық жариялануы мүмкін

ашық дереккөз

Жеңілдетілген несиемен автомобиль алған қазақстандықтардың аты-жөні жариялануы мүмкін, деп хабарлайды Life09 АА ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдері Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевқа «Автомобильге жеңілдетілген несие алған отандастарымыздың тізіміне қол жеткізу мүмкіндігі бар ма?» деген сауал қойды. Министр сұрақты «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ринат Гаппаровқа аударды.

«Мәселені бағдарламаға қатысушылардың алдында көтеріп, қарастырамыз», - деді ол.

Министр М. Қарабаевтың мәлімдеуінше, автомобиль несиесінің сайты жетілдіріле түседі.

«Жалпы, аталған бағдарлама ашық жүзеге асырылады. Адами факторға жол берілмейді. Бағдарлама жұмысын жетілдіре түсуге арналған ұсыныстарды қарауға әзірміз», - дейді ведомство басшысы.

Бұған дейін автомобильге жеңілдетілген несиеге өтінімді смартфон арқылы беру мүмкіндігі туралы айтылған еді.