«Саған хат жазамын» акциясы

«Саған хат жазамын» акциясы

«Саған хат жазамын» деп аталатын акция Абай ауданындағы колледж студенттері арасында өтіп, сотталғандардың хаттары оқылды.

Қарағанды ​​облысында ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған жас сотталғандар колледж студенттерін тәрбиелеу жұмыстарына тартылды. Сотталғандар өз хаттарында студенттерге өмірдегі асығыс қадамдар қандай зардаптарға әкелетінін айтып берді. Сотталғандар олардан үлгі алмауға шақырды.

«Менің сендерге айтарым, оңай ақша аспаннан түспейді, сондықтан сендер бұрыс жолға түспеулерің керек, бұл жол - тығырыққа апаратын жол. Қазір мен 20 жастамын, мені 10 жылға сотталу мерзімі күтіп тұр. Оның орнына өмірден ләззат алып, оқу оқып, мансап, отбасы құруға болар еді. Күн сайын жасаған әрекетіме өкінемін. Мен өз әрекетіммен жастық шағымның барлық тамаша сәттерін жоғалтқанымды түсінемін. Бостандыққа шыққан уақытта мен 30 жаста боламын, әрі қарай не болатынын білмеймін», - делінген хаттардың бірінде.

«Мұндай тәжірибе өткен жылы Абай ауданындағы мектеп оқушылары арасында өткізіліп, сынып сағаттарында жоғары сынып оқушыларына хат авторларының үндеулері оқылған. Бұл тәжірибе өзінің оң нәтижесін көрсеткендіктен, студенттер арасында да өткізуді ұйғардық», - деп атап өтті мекеме басшысының орынбасары Әсет Қызылов.