Актер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Кеңес Жұмабеков 75 жаста

Ашық дереккөз

Бүгін - Ақ Жайықта туып, Арқа өнерінің аймаңдайына айналған актер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Кеңес Нарымбайұлы Жұмабековтің туған күні. Өнегелі өмірі мен өрелі өнері, азаматтық келбеті мен боямасыз болмысы көпке үлгі болып келе жатқан ағамыз 75 жаста. Туып-өскен жері – Жайық өңірі. Осыдан 75 жыл бұрын қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, «Майшұңқыр» ауылында дүниеге келген. Өзінің айтуынша, туған ауылы қазақтың ең бір шұрайлы өңірінің бірі екен. Балалық дәурені «балығы тайдай тулаған» қасиетті Жайық жағасында өткен. Ақындық пен батырлықты, көсемдік пен шешендікті тең ұстап, әлемде теңдесі жоқ жауһар дүниелерді тудырған Асан қайғы, Доспамбет, Шалкиіз, Қазтуған, Жиембет бабалардың рухы шалқыған киелі өлке арманшыл, алғыр баланың қиялына қанат бітіріп, көкірегіне шуағын сіңіреді. Соғыстан кейінгі еңсесін әлі түзей қоймаған қамкөңіл елдің көңілін көтеріп, батырлық, ғашықтық хисса-дастандарды жатқа толғайтын балалық кезі ғой ол... Кейін әкесі қызмет бабымен Шалқар ауылына қоныс аударып, жетіжылдық мектепті сол жерде бітірген. Бұл Шалқар – қазақ әдебиетіне «Ақ Жайық» сынды жауһар дүние берген Хамза Есенжановтың ауылы. Осындай табиғаты тамаша, адамдары кеңпейіл, жігіттері өр көңілді, мәрт, айналасы арайлы өлкеде жетіжылдық мектепті бітірген жас жеткіншек әрі қарай оқуын Орал қаласында Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ мектеп-пансионатында жалғыстырған. Бұл мектепті 1923 жылы Сәкен Сейфуллин ашқан екен. Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болып тұрған кезде қазақ балаларына арнайы ашқан осы оқу ордасына 1964 жылы ақынның 70 жылдығына орай есімі берілген. Сәкен мектебінен түлеп, арайлы Алматыда театр студиясын тәмамдап, қазыналы өлкеміздегі Сәкен театрына келгенге дейінгі балдәурен кезеңі де – тамаша тарих. Қайталанбас дара тұлғалар, сахна саңлақтары, театр тарландарының алдын көріп, дәрісін алып, өшпес тәлімін бойына сіңірген ғажайып жылдар еді бұл. Көңілі қобалжып, Қарағанды топырағына алғаш табаны тигенде, өңі қабарып, қабағы түксиіп қарсы алғандай көрінген көмірлі аймақ ендігі ғұмырында өмірлік айлағына айналатынын сезді ме екен сонда жас жүрек?.. Әзірбайжан Мәмбетов, Нұрмұхан Жантөрин, Әнуар Молдабеков сынды ғажайып тұлғалардың жан жылуын сезініп, қамқорлығын көрген жас талант қазыналы шаһарға осылай келген. Қарағандыда небір жайсаң азаматтармен сыйы жарасып, пікір-мақсаты бір арнаға тоғысты. Әйгілі Ебіней Бөкетовпен шығармашылық байланыста болып, Жайық Бектұровты жанашыр ұстаз, ақылшы аға тұтты. Тектілердің ғибратын бойына жиып, сахнада аянбай тер төгіп, небір образдарды сомдады. Тынымсыз еңбегімен заңғар биіктерді бағындырды. Ағамыздың мына бір естелігіне назар аударалық: «Мен – Сәкен Жүнісовтің «Өлара» пьесасындағы Ленин рөлі үшін облыс театрлары арасында Мемлекеттік сыйлықты алған тұңғыш актермін... Сәкен театрына екі рет директор болдым. Алғашында – 4 жыл, кейін 8 жыл басқардым. Сол Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған уақытта мен директор едім. Алматыға арыз түсіпті. «Директор өзін ұсындырды. Басқа актерлерді немесе тұтас театр ұжымын ұсынуға болар еді» деген мазмұнда. Марқұм Әшірбек Сығаев Мәдениет министрінің орынбасары еді. Телефон шалып: «Кеңес, шұғыл өтініш жаз да, директорлықты тапсыр. Арыз түсті. Ертең кедергі болады» деді. Мен солай жасадым да, директордың кабинетінен шығып, сахнаға келдім.» Сәкен театрында Жақып Омаров, Жәмила Шашкина, Мұздыбек Әбдікәрімов, Рамазан Баймағанбетов, Қарғаш Сатаев, Әсия Абылаева сынды театр майталмандарымен бірге қызмет етіп, өнерсүйер ел-жұртына қаншама эстетикалық әсер мен ләззат сыйлады. «Өліара» қойылымынан кейін академик Ебіней Бөкетовтің: «Мен Кеңестің Ленинін көріп, Ленин қазақ па деп қалдым. Мен Ленинді ойнағандарды Мәскеудің, Ленинградтың, Харьковтің театрларынан көрдім. Дәл Кеңестің Лениніндей Ленин кездестірмеппін» деп баға беруі қандай ғажап?! Ғабеңнің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Жантық, Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегінде» Жапал, «Қарагөзінде» Нарша рөлдерін сомдауы біраз театртанушылардың оң назарына іліксе керек, Ленин бейнесін сомдауға актер таңдау кезінде Кеңес ағаның кандидатурасы бірден мақұлданыпты. « Мен Ленин рөліне бекітілген соң белгілі қаламгер Жайық Бектұровпен көп кеңестім. Ол кісі Лениннің барынша қатал бейнесіне жақындай түсуің керек. Оның диктаторлық қырын аша түссең, бүгінгі талап үдесінен де шығасың, ертеңгі тарих алдында да ұялмайсың деген кеңес берді. Мен солай істедім. Бұл «маневріміз» автор Сәкен Жүнісовке де ұнады», - дейді ол цензураның аса қатал, өктем кезеңін еске алып. Драматург ретінде де ағамыздың қаламынан туындаған «Замана, неткен тар едің», «Қазыбек би», «Ата парызы», «Көмекей әулие» атты қойылымдары өте сәтті шыққанын, көрермен жылы қабылдағанын білеміз. Нағыз таланттардың азаматтық тұлғасы, кісілік келбеті айқын көрініп тұратындығындай, Кеңес Нарымбайұлы – үлкенге құрметін, кішіге ізетін аямайтын, қарапайым табиғатынан танбай, соңынан ерген жас толқынға мейірім-шапағатын төгіп, дарындарды аялап жүретін ақжүрек жан. Майра анамыз екеуі парасатты, зиялы ұрпақ тәрбиелеп, немере-шөбере сүйіп отыр. Ұлы – Мейрам, қыздары – Бибігүл мен Нұрилә өмірден өз орындарын тауып, әке мен ана үмітін ақтап келеді. Желкенін керген 75 жасында ағамыздың деніне саулық, еңбегіне табыс, шығармашылығына шабыт, шаңырағына бақыт тілейміз!

Қайрат АСҚАР - ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі