BANNER

Ермағанбет Бөлекпаев азаматтарды қабылдады

Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңір тұрғындарын жеке қабылдады. Проблемаларын шешу үшін азаматтар облыстың түкпір-түкпірінен келеді. Бұл жолы сұрақтардың басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, денсаулық сақтау және әлеуметтік салаға қатысты болды.

Кездесу облыстық басқармалар мен мемлекеттік құрылымдар өкілдерінің қатысуымен өтті.

Қабылдауға жазылғандардың бірі тұрғын үй туралы сұрақ қойды. Ол пәтер алу үшін кезекте тұр. Баспанаға кезекті көп күтпеу үшін ипотека алғысы келген екен, бірақ ай сайынғы төлемге жалақысы жетпеген. Облыс басшысы жоғары табысты жұмыс табуға көмектесуді ұсынды.

– Сіз Саранға көшу мүмкіндігін қарастырмайсыз ба? Мен сізге бұл қаланы неге ұсынатынымды білесіз бе? Қазір Саран белсенді дамып келеді. Индустриялық аймақты құрудың арқасында онда жаңа жұмыс орындарын ашатын заманауи кәсіпорындар ашылды. Мысалы, тұрмыстық техника зауыты бар. Цехтары өте жарық және таза. Жұмыс беруші толық әлеуметтік пакет және жоғары жалақы төлеуге кепілдік береді.

Тағы бір мәселе Пришахтинскідегі Шахтер кентіндегі көп қабатты үйлерді орталықтан жылытуға қосу болды. Жылу желілерін қалпына келтіру және үйлерді қосу бойынша ауқымды бағдарлама өткен жылы басталған болатын. Іске асыру Тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы арқылы жүргізіледі. 33 үй қосылды. Қабылдауға келген қарағандылықтың айтуынша, жылу жүйесіне қосылған барлық көршілер риза. Енді олардың үйі де кезекте тұр.

– Біздің үйлер орталық жылыту жүйесінен ажыратылғанына 30 жылдан асты. Осы уақыт ішінде біз бастан не кешпедік! Көбісі, соның ішінде күйеуім екеуміз пәтерлерге пеш қойдық. Қазір мен жалғыз тұрамын, үшінші қабатқа көмір тасу маған өте қиын, – деді қарағандылық. – Сондықтан осы бағдарламаға бастама жасап, жылыту мәселесін шешуге көмектескеніңіз үшін рахмет айтқым келеді.

Сұрақтардың басым бөлігіне сол жерде жауаптар берілді. Мұқият қарауды талап еткендер одан әрі шешілуі үшін бақылауға алынды.