Аппақ, аппақ жапалақтап...

https://pixabay.com/ru/

Қысы қатты қалалардың біріміз. Баяғыда әскери салада жүргенде жасы келген, Сәбет заманын көрген орыс офицері «Жас кезімде Сібір жақтағы әскери бөлімдердің бірінде қызмет атқардым. Жас болған соң кейде әскери жарғыға бағынғың келмейде, кейде ішкі  жарғыға сәйкес келмейтін қадамдар жасайсың. Сондайда командиріміз «Мен сендердің көздеріңе көк шыбын үймелетемін. Қазақстанға, Қарағандының әскери бөліміне ауыстырып жіберемін»,- деп қорқытатын. Кейін тағдыр айдап  Қарағандыға келген кезде командиріміздің неге олай қорқытатынын түсіндім»,- дегені бартын. Сөйтсек орманның ішіндегі суық қыс бір бөлек екен де, біздің Сарыарқаның сақылдаған сары аязы бір бөлек екен ғой. Сенбейік десек аязымыз өзімізге мәлім. Сенейік десек  Сібір қысын көрмегенбіз...

Сонымен, қысымыздың қаттылығына, қардың қалың түсетініне қайта келсек. Біз көбіне көлік жолдарының, жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың уақытылы тазартылмайтынына шағымданамыз. Қысы қатты өзге елдерде бұл мәселені қалай  шешеді екен? Осыған көз жүгіртіп көрсек.

Германияда бірінің артынан бірі тізіліп, біздегідей тазалау дәстүрі бар. Бәлкім техникалары бізден көп әрі бізге қарағанда заманауи шығар. Бірақ, қар аршудағы басты айырмашылық техникада емес. Күрелген, тазаланған жолға арнайы машина базальт ұнтақтарын шашып өтеді екен. Бұл көліктердің тоқтауына, тежеу жүйесінің мейілінше жылдам жұмыс істеуіне көмектеседі.

Швецияда қызық үрдіс бар. Шведтер тайғақты ыстық су арқылы жеңеді екен. Біздің миымызға симайтын мысал секілді. Бірақ, құр ыстық су құйып қоймайды. Ұсақ құм қиыршықтары, ұсақ шебен тастары араласқан ыстық су себеді екен. Еріген қарсуы арнайы су ағарлар арқылы ағып, ұсақ тастар мен құм қиыршықтары жолға жабысып қалады екен. «Удың бетін у қайтарады» деген осы шығар бәлкім.

Исландияда үй жылыту құбырлары көлік және жаяу жүргінші жолының табаны арқылы тартылған. Сондықтан да түскен қар өзі еріп кетіп отырады екен. Біздегідей бір құбырды ауыстыру үшін жарты  ай жолды жауып тастайтын елде бұл әдісті қолдану тиімсіз секілді.

Қары қалың түсетін елдің бірі Канада. Бұл жақта қала аралық,  қала ішілік жолдарды ғана арнайы мекеме тазартады. Ал, жеке тұлғалар өз ауласының қарын өздері тазалап, аршып үйренген. Тіпті, қар тазалайтын жекеменшік клининг компаниялардың қызметі дамып тұрған ел. Айтпақшы, Канадада  жолдан шыққан қарды апарып төгетін арнайы орындар жоқ. Бұл елде қар тазалағыш көліктердің түр-түрі бар. Соның бірі қарды суға айналдырып, бір сөзбен айтқанда қарды ерітетін техника. Орта есеппен қар қалың түскен кездері бір көлік  сағатына 350 тонна қарды ерітеді екен. Тазаланған көшеге арнайы машиналар гравий және магний тұзын себеді.

Финдер қар тазалауға келгенде аса ыждаһатты халық. Бұларда да тазаланған көшелерге ұсақ шебен себезелейді. Мән беріп, мұқият оқитын жеріне енді келдік. Көшеден шыққан қар әбден зерттеліп, оның құрамында адам денсаулыға зиянын тигізетін, табиғатқа кері әсерін тигізетін заттар жоқ болса қарды Фин шығанағына апарып төгеді. Айтпақшы, бұл елде қар жауған күні көлігіңізді жол жиегіне қойып кетсеңіз кедергі жасағаныңыз үшін  60 евро айыппұл төлейсіз.

АҚШта «Үш сағат» атты ереже бар. Қар жауып біткен мезгілден 3 сағат өткенге дейін барлық көшелердің қары тазаланып бітуі тиіс. Кейде маған бііздің елде қар күреуге байланысты «3 ай» деген бағдарлама бар секілді. Себебі, еліміздің біраз қаласында алты ай қыс бойы тазаланбайтын қысқа көшелер мен қиылыстардың бар екені жасырын емес.