Азия құрлығында алғаш рет өткен қысқы спорт түрлерінен IV жасөспірімдер олимпиадасы мәресіне жетті, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.
ҚР Туризм және спорт министрлігі спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің мәліметінше, Каннын қаласындағы Youth Olympic Park кешеніндегі жабылу салтанатында еліміздің көк байрағын Берік Боранбаев пен Мерей Тастемір ұстап шықты. Ашық аспан астында өткен кеш кезінде семсерлесуден олимпиада жеңімпазы, халықаралық олимпиада комитетінің (ХОК) президенті Томас Бах ұйымдастырушы Оңтүстік Корея мемлекетіне ризашылығын білдірді. Оның сөзінше, Корея Республикасы ойындарды жоғары деңгейде өткізіп қана қойған жоқ, 14 күн бойы өз мәдениетімен қызықтырып, қонақтардың уақытты қызық өткізуіне қолайлы жағдай жасады.
Осыдан кейін 6 елдің чемпион атанған спортшысы бәсеке кезінде қызмет еткен еріктілерге сыйлық табыстады. Бойтұмар «Мунчо» ойындардың алауын сөндірген соң атлеттер арена ішіндегі сауық кешіне аттанды.
Келесі, 2028 жылғы қысқы ойындарды қабылдайтын ел 2025 жылдың басында белгілі болады. Бұл жайында ХОК президенті Томас Бах айтты. Ал, 2026 жылы Сенегалда (Дакар-2026) жазғы спорт түрлерінен жасөспірімдер олимпиадасы өтеді.
Жасөспірімдер аламанында Қазақстан құрамасының 41 өкілі 5 спорт түрінің 9 бағдарламасы бойынша бақ сынады. Жарыс қорытындысы бойынша отандастарымыз 1 алтын, 2 қола медаль олжалап, жасөспірімдер олимпиадасы тарихындағы ең үздік көрсеткішке қол жеткізді. Нәтижесінде жерлестеріміз жалпы командалық есепте 20-орынға ие болды.
Канвон төріндегі олимпиадада шаңғымен тұғырдан секіруде бәсекеге түскен Илья Мизерных 214 ұпай жинап, Қазақстан құрамасының қоржынына жасөпірімдер олимпиадасы тарихындағы алғашқы алтынды сыйласа, шорт-трекші Полина Омельчук пен шайбалы хоккейден (3×3) ұлттық құрама ойыншылары қола жүлдегер атанды. Хоккейшілеріміз қола жүлде үшін өткен тартысты матчта Аустрия құрамасынан 6:5 есебімен басым түсті.
Азия құрлығында алғаш өткен ойындарда 32 мемлекет жүлдеге қол жеткізді. Жалпы қаңтардың 19-ында басталған бәсекеге 78 елден 1803 атлет жиналды. Тунис пен БАӘ елінің спортшылары алғаш рет қысқы жасөспірімдер олимпиадасында бақ сынады. Олар 7 спорт түрінен (15 бағдарламада) 81 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Көш басында 11 алтыны бар Италия тұрса, одан кейін Германия жайғасты. Ең көп жүлде алған мемлекет АҚШ (21). Каннында Бразилия, Таиланд, Түркия мен Тунис спортшысы алғаш рет өз еліне жүлде сыйлады. Кешенді жарыс 12 нысанда өтті. Оның жетеуі 2018 жылғы Пхенчхан олимпиадасы кезінде салынған.
«Канвонда алауы тұтанған жасөспірімдердің қысқы олимпиадасы өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасының жас атлеттері Корея жеріндегі байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғап, жанкүйерлерді жүлделермен қуантты. Ұлттық құраманың болашақ ізбасарлары Канвонда 1 алтын, 2 қола медаль олжалап, жасөспірімдер олимпиадасында бұрын-соңды болмаған тарихи нәтиже көрсетті. Осындай тамаша жетістікке қол жеткізген жас атлеттерімізді олимпиаданы сәтті аяқтауымен шын жүректен құттықтаймын. Барлық спортшымыз алдағы уақытта өздеріне қажет болатын құнды тәжірибе жинап қайтты деп ойлаймын», - деді Ермек Маржықпаев.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан спортшылары үш қысқы жасөспірімдер олимпиадасына қатысып, 5 медаль жеңіп алған болатын. 2012 жылғы Инсбруктегі (Аустрия) олимпиадада отандастарымыз 1 күміс, 2 қола олжаласа, Лиллехаммерде (Норвегия) екі қоламен шектелген еді. Осыдан 4 жыл бұрын Лозаннада (Швейцария) өткен ойындарда өкінішке қарай, құрама қоржыны бос қайтты.