Вячеслав Рогозин: Қазақ тілін білуім адамдарды емдеуіме септігін тигізеді

LIFE09

Дәрігерлерді халқымыз әдетте "ақ халатты абзал жандар" деп атайды. Себебі олар науқастарды емдеп, олардың жандарына араша түседі. Адамның жанын сақтауда әр дәрі-дәрмек шипа да, у да бола алады. Осы сәтте сіз науқастың тілін таба алмасаңыз оны қалай емдер едіңіз? Бүгінгі кейіпкеріміз дәл осы мәселені қозғайды. 

Теміртау қаласының орыс тумасы Вячеслав Рогозин бес жылдан астам жедел-жәрдем қызметінде еңбек етуде, одан бөлек ол бір жыл толыққанды дәрігер ретінде науқастарды емдеген. Алайда бала кезіндегі арманы спорт дәрігері атану болса да, жедел-жәрдем фельдшері болу Вячеславтың жанына жылырақ.

"Мектеп кезінде мен жеңіл атлетикамен шұғылданғанмын, алайда ол кезде бізде диспансеризация болған жоқ, дәрігер болған. Сол кезде мен спорт дәрігері болуды армандайтын едім. Алайда мен бесінші курста жедел-жәрдем практикасына кіріп, жұмыс барысына ғашық болдым. Бұл жұмыс нағыз адреналин. Әрдайым қозғалыста болу, есіктің арғы жағына сені не күтіп тұрғанын білмеу. Осынысы маған өте ұнайды" - деп бөлісті Вячеслав.

 Осы кезде науқастың тілін таба алу аса маңызды. Вячеславтың айтуынша, осы жұмыста оның қазақ тілін білуі адамдарды емдеу кезіндегі басты кілт. Кез-келген емдік шара дұрыс қойылған диагнозға байланысты болса, ал сол диагнозды қоя білу адамның шағымдарын дұрыс түсіне білуде. Оған сізге Вячеславтың тәжірибесі дәлел болсын:

"Бір ретте, біз фельдшер екеуміз шақыртауға келіп едік. Ал бізді шақырған ата мен әже орысша білмейді екен. Менің "Что вас беспокоит?" деген сұрағыма ешкім үн қатпады. Сосын мен сұрақты қазақша қайталағанымда, ата өзінің шағымын айта бастады. Және осындай сәттер жиі болып тұрады", - деп пайымдады Вячеслав.

 Өзінің өмірі мен жұмыс барысы жайлы толығырақ Вячеслав өзі төмендегі бейнеде сіздерге баяндап берсін: